Қазақстандық каратешілер Grand Winner сыйлығына ие болды

Марокко астанасы Рабат қаласында Премьер-лиганың жыл қорытындысы бойынша өткен финалдық турнир өз мәресіне жетті.
Жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшылар Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг) мен Әсел Қанай (-61 кг) Grand Winner сыйлығына ие болды. Бұл марапат жыл ішіндегі төрт кезеңнің қорытындысы бойынша салмақ дәрежесінде ең көп рейтингтік ұпай жинаған спортшыларға беріледі.
Қазақстан карате тарихында тұңғыш рет бірден екі спортшы Grand Winner атағын жеңіп алды!
Мөлдір Жаңбырбай бұл сыйлықты екінші мәрте жеңіп алған алғашқы қазақстандық. Ол биыл Премьер-лиганың Париждегі кезеңінде қола, Ханчжоуда күміс, Каирде алтын медаль иеленді.
Ал Әсел Қанай Париж және Каир кезеңдерінде күміс, Ханчжоуда қола жүлдеге қол жеткізді.
Премьер-лига карате бойынша ең беделді халықаралық турнирлердің бірі.